Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  113


Автор: Серік Жетпісқалиев

АБАЙ КӨРСЕ ҚАЙТЕР ЕД , БУРАБАЙДЫ?

Арман-қиял ешкімді тыңдамайды,
Көзге ілмейді «Негеңді», «Бұл қалайды».
Табиғатты жырлаған тамсандырып,
Абай көрсе қайтер ед, Бурабайды?
Көл үстінен көргенде сырғалы Айды,
Сезім қалай кеудеңде тулмайды?
Шың басына шығып ап қалмақ қызы,
Орамалын үмітпен бұлғалайды.
Мұнда қыс та, жаз, көктем, күз де ұнайды,
Көздің жасы көл болып құз жылайды.
Кірпігіндей қыздардың қарағайы,
Ұйықтап кеткен батыры мызғымайды!
Қайыңдары билемей тұра алмайды,
Таң өрмелеп тауына қылаңдайды.
Бұлақтары сылдырлап, сыр шерітсе,
Ақын біткен тынымсыз жыр арнайды.
Оқжетпесі еңсесін тұлғалайды,
Жұмбақтасы әне, «Мен мұндалайды.»
Қайық мінсең жұмаққа енгендейсің,
Шілде де ыстық еш қинамайды.
Кеудеңді бір кернейді тау самалы,
Шабыт біткен оянып, жар салады.
Бір көрініс қайран ғып, қуандырса,
Бір көрініс қайран ғып қарсы алады!
Жиналғандай әлемнің барша бағы,
Сезім қылы шертіліп, ән салады.
Көк шілтерлер желменен түрілгенде,
Көрмегенім көп дерсің қанашама әлі!
Қалай ақын кестелеп жырламайды,
Ала таңға сиясы құрғамайды.
Сұлулықты сипаттап болармысың?!
...Абай көрсе қайтер ед, Бурабайды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу