Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  70


Автор: Серік Жетпісқалиев

ЖЫР ЖАЗУҒА АСЫҒЫП МЕН КЕЛЕМІН!

Құйрығына жармаспай әр кеменің,
Елең қылмай жетпесін әр неменің.
Алдарқатқан әркімді құн-жұнға емес,
Жыр жазуға асығып мен келемін!
Тек сұлулық , кемелдік көрмек едім,
Жамандыққа еш көңіл бөлмеп едім.
Шаужайыма жармасқан түннен безіп,
Жыр жазуға асығып мен келемін!
Ұлы өнерден енші алған өрнек едім,
Сұлулықтың сырлы үнін тербеп едім.
Серпіп тастап жабуын жамандықтың,
Жыр жазуға асығып мен келемін!
Бала шақтан биікке өрлеп едім,
Алаулаған таң нұрын көрмек едім.
Сол балауса арманнан айнырмын ба,
Жыр жазуға асығып мен келемін!
Алау жырым бар үміт, бар қорегім,
Жырымменен жан бағып, емделемін.
Дүниеге тойғанды көрген бар ма,
...Жыр жазуға асығып мен келемін!
Қай дегенге, қай сөзге көнбек едім,
Жанбай жатып қалайша сөнбек едім?
Қу тірлікке салғызбай жүген-құрық,
Жыр жазуға асығып мен келемін!..
Білмес надан дүниеде ең керегін,
Талай олжа әлі де өңгерермін.
Көркем-өмір күмбірлеп күй-кеудемде,
Жыр жазуға асығып мен келемін!..
Жақсыларға ынтықпын, тең көремін,
Таланттыға талпынған дем беремін.
Сыйластыққа , құрметке не жетеді,
...Жыр жазуға асығып мен келемін!
Болғандардан тек сұрап, тергемедім,
Жығылғанды жәбірлеп, жерлемедім.
...Алып-ұшып, алқынып, алабұртып,
Жыр жазуға асығып мен келемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу