Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  139


Автор: Серік Жетпісқалиев

ҚАРЫНДАСЫМ, ҒАЗИЗАШЫМ!

Ғазизашым, қарағым, қарлығашым,
Жүрсемде алыс-жақын жанымдасың.
Шулы өмірде маған шаң жұқпасын деп,
Шыр-пыр болып жүресің, қарындасым!..
Қанаттарың күнменен шағылысып,
Жырларымды жүресің алып ұшып.
Соңыма ерген сұңғыла тілекшімсің
Жылдар салып көрісер сағынысып.
Талантымды топқа сап жарыстырып,
Жырларымды жұртыма таныстырып.
Сәлемімді сыр бүккен жеткізесің,
Мекенімнің білдірмей алыстығын.
Көңіл талай кетілді, қалдырылды...
Сүйекке талай таңба салдырылды.
Тек сен ғана жырымды жалаулатып,
Білдіресің менің де барлығымды!..
Нала көргем, мен талай жала көргем,
Өмір өзі ақтар деп қала бергем.
Басқасы емес,өзіңдей қарындастан,
Бір патшадан көргендей пана көргем.
Дала көргем, өзен, тау, қала көргем,
Ізгілікті кіршіксіз санада өргем.
Түсінетін жанымды сен болған соң,
Алаңдамай әнімді сала бергем!..
Тілек деген жанға азық, қорек екен,
Сен болмасаң, ойласам, өледі екем!.
Ешқашан ниетінен айнымайтын,
Қарындастың намысы бөлек екен!
Алыс,жақын жүрсемде жанымдасын,
Қарлығашым,аман бол, қарындасым!
Алла сені әрқашан жарылқасын,
Осылайша толғандым сағынғасын.
Бақытты бол, құлыным, Ғазизашым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу