Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  132


Автор: Серік Жетпісқалиев

ТІРІЛЕР ҚАНДАЙ ӘДЕМІ ЕДІҢДЕР!..

Жақсыларың бар, жамандарың бар,
Ғұламаларың бар, надандарың бар,
Жүйріктерің бар, шабандарың бар,
Алаң да жұлаң далаңдарың бар.
Тірілер қандай әдемі едіңдер!..
Көшеде күліп, жылап келе жатқан,
Тас-талқан болып “сыбап” келе жатқан
Көркімен көпке ұнап келе жатқан,
Аяғы тайып құлап келе жатқан,
Тірілер қандай әдемі едіңдер!..
Қарлы далада жол ашып жүрген,
Жалғыз жорытып дара-сып жүрген
Үйіне қонбай таң асып жүрген.
“Бөлшек” боп өмірге жарасып жүрген
Тірілер қандай әдемі едіңдер!..
Әйтеуір тірі жүрсең-ау, ұлым,
Тепкілеп миды торлайды мұңым.
Күн кешіп жүрмін, көк тиын-құным,
Тау секілдімін жоғалтқан шыңын.
Тата алмай кеттің ғұмырды шырын…
Есіктен Сені енер деп күтем,
Күнде ертең Сені келер деп күтем.
Көңілін маған бөлер деп күтем,
Төрімде ұйықтап, өрер деп күтем.
…Осылай, сірә, тосумен бітем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу