Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  85


Автор: Серік Жетпісқалиев

ЕНДІ ҚАЙТІП, ҚҰЛЫНЫМ, АҚТАЛАЙЫН?

Енді қайтіп, құлыным, ақталайын,
Болған шығар осылай бақ-талайың…
Алыс жүріп өзіңе айта алмаған,
Бейуақ жырды еңіреп ақтарайын.
Көпті алдыңда міндетім атқармаған,
Бір мереке қауышқан шақтар маған.
Қолыма алсам қызғана қарар еді,
Сені баққан бесіктен қарттар маған.
Сені ерітіп жүріп бір шалқымағам,
(Бұза алмайды табиғи қалпын адам).
Тұңғыш ұлын беретін ата-анаға,
Соққы болды ұлтымның салты маған.
Жайық қалды артыңда жарқыраған,
Зар тыңдайды жүрегім қалтыраған.
Енді кімнің сөзіне жұбанайын,
Тартатынмын,
болсын деп, артым аман…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу