Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  104


Автор: Серік Жетпісқалиев

БАТЫР БАБАМЕН СЫРЛАСУ

(Махамбетке тағзым)
– Мүлт кеткенің жүрекке әлі батады,
Ашу алған көп жіберер қатаны.
Кек дегенде оққа байлау өзіңді,
Кек ұстауды жөн емес деп жатады…
Кек дегеннің ту-у түбіне жеткен кім,
Кейін қанша қапалы күн өткердің.
Қан майданда қасарыстың, жетпес пе ед,
Неге сонша, неге сонша кектендің?...
– Хан дегенің тау секілді аталы…
Байлығында жоқ-ты менің шатағым.
Бір басыма жететін-ді байлығым,
Абыройым, ерлік, өнер, атағым.
Ханға қарсы тар соқпаққа түскен соң,
Тәуекел деп анттың суын ішкен соң,
Қарсы барын білсін, дедім,
Әйтпесе,
Белгілі еді кермек дәмін татарым!
Кек дейсің бе,
Кекке сауал жүрмейді,
Кек дегенің басы-көзді білмейді.
Кектенген жан қарамайды өлгенге,
Тірлік құнын каперге де ілмейді!
Хан дейсің бе?
Хан қатесі мол еді,
Көптің қамы соның күйттер жолы еді.
Зар жылатып тартып алды жайлауын
Шалт кеткенім сол еді.
Қарасы аш,
Өзі ғана тоқ еді,
Сүйенгені патша әскері, доп еді.
Шен-шекпенге жұртын сатты желөкпе,
Кектегенім сол еді.
Тума мінез,
болат ем шарт сынатын,
Тыңдамады,
ойламады ел мұратын.
Көпті ойладым,
мен емес ем есерің,
Насыбайға өкпелейтін бір атым!
Талай ойды мына бастан өткергем…
Қара басын мақтатқанын жек көргем!
Кәрі-құртаң, қатын-қалаш қалқиған,
Ауылдарды шаптырғанын кек көргем!
Талай дәмдес болғам бұрын бектермен,
Ісі дұрыс болса ханға беттер ме ем?!
Домалатып Исатайдай асылды,
Ат үстінен атқызғанда кектенгем!
Ішпеген су, баспаған жер басқызып,
Ата жұрты, жайлауынан қашқызып.
Көр түрмеге қаматқанда кектенгем,
Үстімізден қылмысты іс ашқызып!
Уа, дүние, өткем талай өткелден,
Көк сүңгімді күйдірмегем серт берген!
Қатын-бала қасында,
Қазан-ошақ басында
Соқа басым сорайып
Омалғанда кектенгем!
Менің ғана мансабым ба кек деген,
Ел ертеңі арманым-ды көксеген.
Ұрпағыма бостандыққа жет дегем,
Басым тіккем ел үшін,
Жеттің бүгін,
Демек, босқа өтпегем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу