Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  78


Автор: Серік Жетпісқалиев

ҮМІТ ТАҒЫ ТҮСТІК ЖАҚҚА ҚАРАДЫ

Сұлық жүріп естімеп ем күз әнін,
Жанар жасып көрмеп едім күз әрін.
Соңғы назын қалдырып көк аспанда,
Аққу қаздар тізбектеліп ұзады,
Дегендей ме, “…ораламыз біз әлі”.
Мұң теректер тамшы-моншақ тағады,
Күздің демі сергітеді сананы.
Қою түнде бағыт сілтеп керуенге,
Жоғарыдан жұлдыздары ағады.
Әлсін-әлсін жұлдыз құлап ағады,
Құс әнімен ол да үндестік табады.
Жылдар бойы жабырқаған қам көңіл,
Құстарменен бірге ілесіп барады.
…Кім біледі о жақтан не табады?
Көңіл шіркін құстарға еріп барады,
Қарай-қарай талды ма әлде жанары.
Қайран үміт көрінбеген көп жылдар,
Ту-у тереңнен түстік жаққа қарады.
Өшпеген ғой?
Сезім оты, бағы әлі!
Сөнбеген бе, сонау үйдің шамы әлі,
Махаббат па, шағылмаған тауы әлі?
Маңдайымнан сүюші еді ақ әжем,
Маңдайыма мөлдір тамшы тамады.
…Үміт тағы түстік жаққа қарады.
Сол құстармен оралар ма базарым,
Ей, қу тағдыр, жеткен шығар мазағың!
Ат жалына жармаспай ма тұра сап,
Тұлпарынан құлап түскен қазағың!
Қайда менің қаламым мен қағазым?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу