Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  92


Автор: Сұраған Рахметұлы

БƏДІЗ ӨКСИДІ

Құстар қанатын жыртады көкте,
Аспан ашулы.
Ана құрсағын өпкен қасыңда,
Басқа ғасыр жүр.
Өктем тұрпаттар кілең дестеге жасырынады,
Ішінде цифрлы құрттар құжынап,
Бастар ашылды.
Топшысын бұлт қаққан құстар ашулы,
Бізді қорғайды екен-ау ауа қабатындағы сүзгі.
Күннің қабығын сыпырып алады,
Шыңдар ұстара сынды.
Қимыл. Мидың өзектерінде құзғын,
Батпаққа сүйрейді бағзы нұсқа басыңды.
«Мəселе шешілді дедің бе?» – жұмбақтар жасырған,
Діңгектер кесінділерінде басылған ғасырлар.
Ғасырлар қабаты – уақыттар шеңбері,
Сөйлейді алыстан, кесілген діңгектер меңдері.
Кетпейтін кесепат есіңнен, Ницшенің
Сорабы меңгерім.
Белгісіз. Қанаттар жұлынды түлеп,
Аспан ашулы.
Өлеңдер етпеттеп құлайды, тасқа басулы.
Жылайсың бір сəтке құлаған құныңды сілеп,
Өмір болмаған мүлдемге,
Көңіл бəс таласулы.
Бəдізден оянды құлын кісінеп…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу