👈 қаріп өлшемі 👉

  16.06.2022
  68


Автор: Махаева Айым

Қалпақ киген жануар

        Қайыңы мен қарағайы сыңсыған қалың орманда сұлу тұрпатты еліктер мен олардың сүйкімді  лақтары өмір сүрген екен.  Сол ну орманда еліктің төлдерімен  бірге басынан  қалпағын тастамайтын белгісіз бір жануар болыпты. Сырт келбеті өздеріне ұқсаған соң еліктер де оны жатырқай қоймапты. Қалпақ киген жануар еліктің балаларымен бірге  таудан-тасқа секіріп өсіп жатты.  "Белгісіз жануардың"  қалпағының сыры бәріне жұмбақ еді.  Лақ та басына не үшін қалпақ киетінін ешкімге айтқан жоқ.


    Бір күні бұлар орман шетіндегі   қарт ағаштың   жанына барып асыр салып ойнап кетеді. Сол күні діңі шіріген, қиғаш өскен ағаш тамырынан ажырап еліктердің алдына гүрс етіп құлап түскен екен.  Кәрі ағаштың діңінің астына кептетіліп қалған лақтарға көмектесетін мүйізі бар ересек маралдар да маңайда жоқ еді.  Қанша әрі итеріп, бері тартса да бұлар  қуыстан шыға алмайды. Тұйыққа тірелген төлдердің жамырап жылағаннан басқа амалы жоқ еді. Кенет  еліктердің ішіндегі ең кішкентайы белгісіз жануарға қарап шошып кетеді. "Қараңдар! "  - дейді ол таңданысын жасыра алмай,  "Мына еліктің басына бұта кіріп кетіпті!"


   Жаңағы қарбаласта белгісіз  жануардың басындағы қалпағы түсіп қалса керек.  Еліктер қалпағын тастамайтын досының басындағы мүйізді көріп қатты таң қалады. Белгісіз жануар болса жан жағына қарап қалпағын іздеп әбігерге түсті. «Сендер сондай сұлусыңдар. Басымдағы  бұтақты көріп енді менімен дос болмайтын шығарсыңдар» - дейді қалпақсыз қалған жануар.  «Неге олай дейсің?»  - дейді еліктер түсінбей. «Сен елік емес бұғысың ғой. Басыңдағы бұтақ емес, сенің мүйізің. Бұғылардың мүйізі еліктерден үлкен әрі мықты болады» - дейді бір естияр елік.


- «Бұғы, сен басыңда қандай күштің барын білмей жүр екенсің. Қане, мүйізіңмен мына бөренені итеріп көрші» - дейді басқалары.


Ештеңе түсінбеген бұғы басын шұлғып бөренені ысырып көреді. Кәрі ағаш мүйізге оңай ілініп жылжи бастайды. Қалған еліктер қарап тұрмай бөренені бар күштерімен итере түседі. Әп-сәтте ағашты жылжытып,  қуыстан шыққан достар қатты қуанады. Еліктер бұғының төліне жарыса алғысын жаудырады.


Сұлу еліктердің қасында ебедейсіз көрінуге ұялаған бұғы, мүйізінің маңызын түсінген соң мүлде қалпақ кимейтін болыпты. 


 


P.S


Бұғы сияқты кейбір талапқа сай болмаудан қорқып, қабілетімізді қолдануды ұмытып кетпейік.  Ал, сен қалпағыңды қашан шешесің?


 


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы