Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  91


Автор: Сұраған Рахметұлы

ҚАРА СІЛЕМДЕР

…Қара сілемдер жатыр жылдың соңында,
Санаға ласы сіңген.
Жоғалған қасиет қайырымы –
Бір хабарды жалғастырушы ғана еді ол
біреуге.
Өзімен сүйеп өз аспанын, өзін
қояды тіреуге.
Сөз тасушылық мәңгі міндеті,
Айлары шалағай, Күн жетім.
Таңдары ниеті, іші-бауырымен сүзетін,
Лайым тірліктің зарлы індетін.
Бір беті күндіз, қапастан қараң бір беті…
Кім пайдаланды һақтардың бәрін? Күн бетін!
Білері жалғыз – арам шөп ішінде гүлдеді.
Ақыттар өзін аласұрып іздеді, аязына үсіп
қуаң шілденің,
Уақыттар сор болды солай, соры көп
сары күздегі.
Біреуге майса – қаңтар-ды, біреуге зәрлі ұя-ды.
Кеудені керіп буындырады лақса күй ағым,
Бір тамшы жасқа жасырынады,
Бір тамшы жасқа сыяды.
Мекіренеді менмендеу сана-қиялы.
Бұлқынып жатты ол ылғи ішінде
Қағазға жұққан сияның.
Жанында түрлі айқастар жатты, жүрегін
мыжып илектеп.
Төбе құйқасын тырнады миллион ине түйреп бек.
Жалқы иненің тесігінен оны өткізетін-ді ойлар
сүйреп кеп.
Ескі шаңырағының түндігін желпіп (Бағы ма?),
Қобыз үнімен қосылатын-ды зарлар тағы да.
Сыңсыған әуен, қыңсылап бәле… дірдектеп.
Жасанды байлық, жасанды бақыт сыйларын жинады
тірнектеп.
Теңіз толқынымен аунап, көп дана телпек астында
жүрді ептеп.
Жасанды пенделермен толғатты күнде мың жатыр,
Қардың бедерін қасқыр талапты бірде,
Қан жатыр, аздап жын жатыр…
Жері таныған, шөбі таныған сол жынды
Көріп тұрсыз ба, дүлей уақыт тыныштық –
шың батыр?
Оу, Хантәңірі қарақұсыңда, хас биігіңде тағы да
Тұла бойынан жаралы, мүйізі кепкен
құлжа тұр.
Сол құлжаға қарап сараптап ойды – мылжалап мүжіп
тұрғанда: Құдайдың құдіретінше бұл маңда;
Шұғыла түсті бұлттың жыртығынан
сырғанап.
Бөлтірік күннің өрісіндей мына аумаққа,
Нәр түсті көктен, бөрідей ұлып іңгәлап.
Қара сілемдер жатады соңында ұлдың
санаға ласы сіңген.
«Біз осы қайда барамыз?» Бейбақ, сұрашы ішіңнен!
Сұрашы басыңнан, тектеші, қарақ, бұла күшіңнен…
Табасың егер сенбесең өзіңді өзіңнен, кінәлі
Ісіңнен,
расы өзіңді көресің шіліңгір аптапта
Құлағы үсінген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу