Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  361


Автор: Кете Жүсіп Ешниязұлы

СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ

Барыңды базар ет, көңілім,
Халық келді саған жиналып,
Есендікпен қауышып.
Кездескен соң аға-іні.
Төбеммен қызмет етейін.
Тал шыбықтай иіліп.
Аңсап жүрген ағадан
Жалтаңдасам жай айтып.
Арылмайтын қоң өкпе.
Үстіме қалар үйіліп.
Аға мен іні, жамағат:
«Айтқыш жырау» –дегенге.
Айтуыма әуес боп,
Отырған шығар қиылып.
«Кәнігі білгір» емеспін,
Қанадан қиял табатын
Сөз етігін жиырып.
Табылса сөзің, таңырқат
Тамсандырып таңдайды.
Жиынға барған қыздардай
Үстіне жібек киініп.
Түбі тегін жел сөзді
Айтайын жерге шығармай.
Нені қыласың несіне
Мұрныңды көкке шүйіріп?!
Жаңалық жазған сөздердің
Реуін шығарар үйіріп.
Ел ішінде атақты
Даңқы бәлант шайыр көп.


Шонаңдай бағып, дүрлікті.
Алдына жүрген иіріп.
Айтқыштардың аттарын
Бір – бірлеп баян етейін.
Сол ерлердің аттары
Әр кімге қалсын білініп:
Тұрмағамбет, молда Омар,
Шегебай мен Есенжол
Бұлардың сөзі таққысыз.
Таспадай қойған сыдырып
Қарасақал Ерімбет
Топтан озған тұлпардай.
Көрген жоқ жаннан сүрініп.
Сейәтжан дүрдің шығарған
Әпесанасы ақылмен
Ақшасындай патшаның.
Әр жұртқа кеткен қыдырып.
Таубайдың ұлы Жүсіптің
Шығарған сөзі мысалы:
Сары алтынның буындай,
Қараған әркім кідіріп.
Молда Жүсіп Қаңлыда.
Қадырберген баласы.
Шекер балдай сөзіне
Қалушы ед халық сүйініп.
Руы Керей Даңмұрын
Үлгілі дүрдің біреуі.
Жауға шабар жігіттей.
Үстінс сауыт киініп.
Есіл ер ажал шұрбатын
Ішкеннен соң ертерек.


Әр жұрттың азаматтары
Қамығып қалған күйініп.
Мұхамеджан шын әулет
Тақысыз жүйрік тазайын
Өлеңді жазған мін көріп
Әруаққа кеткен сиынып.
Жел сөзбен баһас айлаған.
Әлін де білмей көбісі.
Алмасқа шапқан адамдай
Қалар ед белден қиылып.
Атым Жүсіп менің де
Ешнияздың баласы.
Орталау айтқыш өзімде.
Тым кетпейтін сұйылып.
Керейіттен шыққан Орынбай
Бақ қонған дүрдің біреуі ай.
Аузыңды минут жидырмай.
Қулыққа қашар құбылып.
Балқы Базар, дүр Оңғар,
Жарылқап пен Құлназар
Заманда шыққан дүр еді.
Жал-құйрығы түйіліп,
Жаңадан шыққан жас білгір
Қуаныш атты Қожаның
Артылған сөзі қатардан.
Таудан аққан бұлақтай
Ылдиға аққан құйылып.
Әлімбай мен Тасберген
Тамсандырып таңдайды,
Қарасын үзіп бір кетер.
Қалмаса нағыз ерініп,


Сарқасқадан шығып жүр.
Молдахмет, Аймахан
Палуанға түскен жігіттей.
Ортаға барар шұбырып.
Қаңлы Сейіл, қожа Асқар
Ерегіскен жер болса.
Сөз таппай қалмас жеңіліп.
Қаратамыр Көшекбай.
Асылы Керейіт Сүлеймен
Қатар шапқан шабыстан
Қала қоймас тебініп.
Жиенбай мен Тұрымбет
Тарлан ашып кетсе де
Айта қойса әлі һәм
Ешкім де қалмас жерініп.
Елу жас деген бел екен
Екпініңді басатын.
Абайсызда қасына
Барып қаларсың жүгіріп.
сақал-мұртты ақ басса,
Тістің түбі босайды.
Түнде жортып жүруге.
Жарамас тізең бүгіліп.
Қанша бір жүйрік болсаң да.
Өлімнің келсе елшісі.
Ақыры бір күн қалармыз
Қармағына ілініп,
Еткен күнә жалғанда.
Жаппар түгіл, өзіңе
Жағдайсыз тұрар көрініп.
Таразы Махшар күнінде.


Қылмысың хаққа жақпаса
Өзіңнің жаққан отыңа
Отырарсың жылынып.
Би опаның алдаған
Қызығына алданып.
Табам ба пайда бүлініп?
Қаумалап халқым келгенде
Қызыл тілім, қимылда.
Сенген енең сенің де
Бір күні қалар ұрылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу