Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  144


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

КӘРІ ҚҰДА

Ақ басты, өзім тұстас, кәрі құда,
Ақсақал, сыры ежелден кәні құда.
Басына бұлттан сәлде – шалма оранып,
Сықырлап келіп қапты тағы құда.
Қош кепсің ақ дуана зіркілдеген,
Демі аяз, күрсіне, қар күрпілдеген.
Алдыңнан сексендегі құрбың шықты,
Өзіңмен сырласудан іркілмеген.
Майдандас серігім ең, қаһарман қыс,
Қонақ бол екі-үш айға, кел аттан түс!
Ширатып кәрі бойды, дем беріп кет,
Қайрат қос қайратыма, күшіме күш.
Елімнің жеңісіне ортақ достым,
Сондықтан сеніменен мәңгі доспын.
Қысылшаң, қиын-қыстау тар заманда
Сенімін ақтағандай болдың, достым.
Қиратып қабырғасын бытырлатып,
Ойрандап ордасына ат ойнатып –
Сындырып жаудың белін талқан еттік,
Аққан қан, төгілген жас кетпей текке.
Бүгін менің домбырамды дүрілдетіп,
Соқтырып жеңіс жырын, күйін шертіп.
Құлаштап гармонымды ән шырқаймын,
Қосылып ақ түтекке шалқып, серпіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу