Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  90


Автор: Сұраған Рахметұлы

Суға шомған ай нұры жағалауға батады...

Суға шомған ай нұры жағалауға батады,
Қарт жағада қашаннан жылы мейір жатады.
Көк жүзінен тағы да жұлдыз ашты
Біреулер,
Жер үстінде жетесіз
Жүргендердің шатағы Ол.
Жүректердің құлағын елеңдетіп күй «Адай»,
Серттей күміс кірпігін түсіреді қияға ай.
Үн үстінде аяу тұр дір-дір еткен денесі,
Кесіп жатқан ағаштың басындағы ұядай.
Түннің қара күпісі жапырақтың түбінде:
Жасырынған мұң келді
Қанжар байлап бүгінге,
Дімкәс болса жаның да
Қанжар кесім айта алар,
Тәңіріңнің ісіне жүгін иә жүгінбе.
Аяғың сал, содан соң жүрек ауыр, ниетің кір,
Ниеттерді аяумен бұл өмірде не тынды?
Қолымдағы сауалдың бірі аяу, бірі қан,
Аппақ қармен сүртемін күйіп қалған бетімді.
Бұлт үстінде мамырлап күнің батар:
От – теңбіл.
Арманым ғой ол менің,
Көрген түсім көктемгі,
Қайрап едім бәкімді қайғы әкелді ол аз ғана,
Қаймана елдің діңінде баяғыдай жоқ белгі.
Қырқып түсер қылыш күн,
Жыртып түсер ұстара ай,
Қыр үстінен қарайды кызыл иек қысқы арай.
Көктемедей күркіреп өтетұғын өткінші еді,
Алақанда тыпырлап сөніп қалған құстар-ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу