Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  117


Автор: Сұраған Рахметұлы

Күн ыстық...

Күн ыстық,
Күрең ойдың шоқ жалмайды
икемін.
Қимылдардың алдындағы
тыныштық,
Қабығында қалғып отыр
жүйкенің.
Құр шындық;
тысқа шықпас, суда жүзген
балықтай.
Өзгерістер шегіністің
сырынан.
Қалыптасты, қалыптасты
жалықпай.
Тірлігім:
Бірлігі жоқ өзендердей мың сала.
Қара таспын бүгін, кезеңге өрлей,
кезеңге өрлей
жусаған.
Кетсем бе екен ең ақырғы нүктесі боп
Шимайдың?..
Өкінбеймін, тірілердің санасында
Мәңгі көктер бидаймын.
Бидаймын,
Өнімімін игі жылдың,
сыйлы айдың
Құлағымнан төмен тартты
құйдай Мұң.
Өмір жаңалық емес,
Бірақ,
Мені көміп жатқандарды
қимаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу