Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  95


Автор: Сұраған Рахметұлы

МАМЫР КЕШІ

Күн еңкейді, шын еңкейді,
түңілдім...
Тас астынан түрегелді
іңір-мұң.
Тянь-Шанның тік басынан
ұшқан күн,
Құшағына бір-ақ кірді Құмылдың.
Кеш әуені кереметтей
тұшымды, ә?
Құдірет бар бұлттың жалқын
мысында.
Дөңгелейді алма-кезек
күрең күн,
Аққулардың қанатының
ұшында.
Күн еңкейді, түбі өртенді
қызарып,
Сұлап жатыр сұм көлеңке
сызы әлі.
Көбелектің қанатын жел
тербейді,
Шегірткені шырылдатып
ыза ғып.
Іңір келді, түбірленді
ұлы түн.
Бірақ күннің жүрген ізі
жылы тым.
Қызыл-сары нұрмен бояп
тұрғандай,
Ай мүйізі жез серектің
түбітін.
Құлпырып тұр, құлпырып тұр
кеш мүлде,
Жұлдыз ақты қарамастан
ешкімге.
Тағзым етіп басымды ием,
дариға-ай!
Таулар деген таңғажайып
кескінге.
Түн бүркеді, түн бүркеді,
шаршадым.
Гүл ішінен тұрды тағы
барша мұң.
Қайран күндіз бұрқ етті де
жоғалды
Шөкім ғана түтініндей
аршаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу