Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  92


Автор: Сұраған Рахметұлы

ТҮНГІ ӨҢ

Шағаланың қанатынан дауыл иісі бұрқырап,
Толқын желпіп жағаны,
Көл мен көктің арасында сансыз қиқу
Шырқырап,
Көкке қарап қол жаяды сабаны.
Жүз жыл бұрын көмген әуен қайта ұлып,
Түн құшағы түрен жыр.
Қасқа тайдың кекілінде ай туды,
Күлте жалды – күрең қыр.
Жағыланның шалғайынан сән үзілді шаршаған,
Ғазал жаңбыр – кешкі мұң.
Борхес сезген үйлесім;
«Ажал мені іздеп жүрсе, мен де оны қарсы
алам...»
Қош! Ес түбі, барша мән.
Толғақ біткен жиілесін.
Жүрегімнің орнын алған таудың кейіп-кескіні.
Ертеңгі күн әнім бей,
Сүйретеді ескілік.
Ұстараның жүзіндегі өрік көзді кешкі үнім,
Ақжал аттың тоқымынан аққан тердің дәміндей.
Бұлақтардың тұмасынан естеліктер ышқынып
Құлағыма асылды... «Е-е-е!»
Көзім тұман – бір ғасырдың ұсқыны,
Тағы бір бет, тағы бір мәрт ашылды.
Зиынында асқынып.
Ши түбінен қоян қашты... «Ой, албасты!»
Ояуым... қалқып өтті жасыл жел.
Аққулардың қанатында қызғалдақтың бояуы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу