Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  92


Автор: Сұраған Рахметұлы

Қараңғының уысында құсық арман аһ ұрды...

Қараңғының уысында құсық арман аһ ұрды,
Қылқобыздың ішектерін мысық тырнап;
«Ы-ыр» ышқын.
Кеше басқан іздерін іздеп барған пақырдың
Өкшесінің мөрінен бір бозторғай пыр ұшты.
Дір еткізіп жүректі.
Тұрақтамай жүретін мұраттардай ақырғы.
Ескі жара аузында қармақ ұстар малғұн-ды,
Төбесінен төпештеп көбесімен жапырды ол;
Жаңа жолдың үстіне шала өскен шалғынды,
Жас томардың түбіне
«Кір-р» еткізіп күректі.
Тас қабірдің жігінде бұралқы ойлар жорғалап,
Ырылымен ырғынмен... (Мұндай жолмен
кім жүрген?)
Зорға шықты ай қорғалап.
Күрегімнің түзімен жүрегімді аластап,
Маңдайымнан, жонымнан жаңбыр суы
сорғалап...
Ескі жоба,
Ескі жол жетегінде жүрмін мен.
Жұлқынар да халім жоқ, шамасызбын бұлқынар.
Тұяғының ұшқыны ұлан-ғайыр жалын боп,
Қаламының ұшында жалы өртенген жылқылар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу