Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  86


Автор: Сұраған Рахметұлы

АЯН. КӨШ. УАҚЫТ

Кері басты, кетті. Өрге асты.
Теңдессіз төрлер қапас көрге ұласты.
Ат сауырында некелер қиылды талай,
Қазақтың төрт қанат керегесімен
Ғажап.
Төрткүл дүниеге қазақ дөңгелек мөр басты.
Жер басты. Жетті. Ұлт еске ілесті.
Көшке ере алмағандар езуін кере сілесті.
Саптама етіктің табанын сүйген
Қырлары бошалап, сансыз да әлсіз салалы,
Жансыз діл өсті.
Арқадан жел үрді, бөлтірік ұлыды
Кіріптарлықтан.
Қарлы қабақтан зілдер құлады
Сұлық ымырттан.
Әр төбе басында буалдыр обалар
Тіл қатты ерен,
Тұяғын құртқан қасаң тағалар,
Жұлығын жыртқан жұртта.
Оқырана беретін қанатты уақыттар, ымдай
Жұлдыздар жанады көкте
Жаннаттың жақұттарындай.
Сазарған аспан сақалын өртеп
Күйеді батыста,
Назы алуан іңір мекіренеді
Жұбанып, тарылмай.
Дана Тәңірім, ана даламның көз жасымен
Санамды дымдашы,
Ақтабан ғұндар қайта қайтам деп
Алаң қылмашы.
Алыстан ауған аң біз емес,
Тарымыз шашылған.
Алатауға ұқсас көрінер
Кешегі кесілген бабамның басы.
Біз бүгін сол бастардың киелі уысындамыз,
Тырнайды Қорқыт қобызымен қу ішімді...
Абыз.
Сәт сайын жанымда жылқы кісінеп,
Аян береді даламда қалған қанды ту, сынған із.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу