Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  101


Автор: Серікбол Хасан

ҚАЗАҚТЫҚ

Ағызайын биіктен жыр бұлағын,
Ақиқатты қалмайым басып-бүгіп.
«Қазақпын» деп өзімше үн қыламын,
Ақпаратын орыстың азық қылып.
Болашаққа жүргенім сенемін деп,
Тастардай бір Тәңірім гүлге көміп.
«Қазақпын» деп кеудемді керемін кеп,
Түріктердің киносын күнде көріп.
Өзгелерді жүргенім сынай қарай,
Мүлігім жоқ болса да мүлде менің.
«Қазақпын» деп қуанам, мұнайға бай,
Еврей берген бақырмен күн көремін.
Берген бәлкім Тәңірдің сыйы бізге,
Басқалардан көп біздің білеріміз.
«Қазақпын» деп ерлеймін, үйімізде,
Техникасы жапонның – тірегіміз.
Тойларға үйір жанымыз, тамашаға,
Думандатып жүремін күліп анық.
«Қазақпын» деп әндетем оңашада,
Неміс берген көлікке мініп алып.
Бұл қазақтық баршаның бағы сынды,
Өзге ұлттардан еңсесі биік мүлде.
«Қазақпын» деп қайраймын намысымды,
Қытай тіккен киімді киіп күнде.
Азаттықтың айтқанмен жырын таңға,
Арды ұмытып, ойладық қарын қамын.
«Қазақпын» деп мақтанам, ұмытам да,
Қалың елдің ұйғырға бағынғанын.
Туғаныма қазақ боп тамсанамын,
Ұлтым үшін ұлимын аракідік.
«Қазақпын» деп жаһанға жар саламын.
Орыс шалдың бөлмесін пана қылып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу