Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  96


Автор: Серікбол Хасан

ҒАПЫЛ ҒҰМЫР

Иман жиып, ізгілікке ұмтылған,
Ғұмыр бойы ғибадатқа құлшынған,
Иса деген қарияның,
Білімі көл-дарияның,
Жалғыз ғана бұлағы:
«Адам қанша жасайды?» - деп сұрады.
Көп ойланып, төсегіне барды да,
Немересін отырғызып алдына,
Жанарына жас тығылған,
Қарттық атты қастық ұрған,
Қалт-құлт еткен құр кеуде:
«Адам жасы былай... – деді, – білгенге...»
Бір күрсініп, буырқанып от демі,
Төсегінен терезеге беттеді.
Айналаны сүзіп өтіп,
Қалғанына күзі жетіп,
Қайран қалды жай ғана,
Жанарынан ыстық жасы тайғанап...
«Тіршілікке жүрсең дағы құнығып,
Қас-қағым сәт бұл адамның ғұмыры.
Көздің ағы-қарасындай...
Азан, намаз арасындай –
Ғұмыр деген су сынды», –
Деп Иса шал ауыр-ауыр күрсінді.
«Қуаныштан мен туғанда салт қой деп,
Әкем маған азан айтып, ат қойды.
Дос-жаранын тойдырып,
Думандатты той қылып.
Жүрген кезде жарасып,
Сол азанның оқылмады намазы.
Түсіндің бе?» – деді атасы тіл қатып, –
«Содан бері сүрдім өмір жылдатып.
Ғұмыр-кемем шыр айналып,
Өмір-өзен ылайланып,
Соңғы мәрте сілкініп,
Жартасқа кеп соғылады бір күні.
Сәби күнгі шақырылған азанның,
Үнін келіп толықтырар қаза-мұң.
Үлкен-кіші, бала шаға,
Жиналады жаназама.
Уақытта сол таразы,
Оқылады азанымның ең ақырғы намазы.
Қуан, қайғыр, тоғыз, тоқсан жылды сүр,
Азан, намаз арасындай – бұл ғұмыр.
Бітуге шақ ғұмырым,
Сен осыны, ұқ, ұлым!
Сүресің сен неше жыл,
Оны жалғыз Жаппар Ием шешеді».
Өн бойынан табылатын иманы мен өрлігі,
Иса ақсақал төсегінен тұрмай қойды сол күні.
Кеудедегі шыбын жан,
Ет-сүйектен құрылған,
Тастап тіпті тәнді де,
Ғапыл ғұмыр ұшып кетті мәңгіге.
Саусақпенен санарлық-ақ сарқылатын күндер де,
Көзді ашып-жұмғандай-ақ өтіп кетер білгенге...
Ілім-ғылым жиғаныңмен,
Асыл амал, иманыңмен,
Өзіңді әр кез үлгі қыл,
Азан, намаз арасындай бұл ғұмыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу