Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  109


Автор: Серікбол Хасан

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – МЕКТЕП

Шыр етіп өмірге келгенсің,
Сезбедің өмірдің қыр-сырын.
Күн сайын есейіп, гүлдендің,
Күн сайын жайнадың, құлпырдың.
Сөмке асып мектепке барғансың,
Әліппе бетінен «А» танып.
Балдырған өмірге алдандың,
Шын ғұмыр әзірше, жат анық.
Мектептен үйрендің барлығын,
Білімнің кәусарын шын ұғып.
Түсініп Тәңірдің жарлығын,
Маңдайың сәждеге жығылып.
Айырып ақ пенен қараны,
Мектептен аласың тәлім мол.
Ұстаздың әр айтқан сабағы –
Ақиқи өмірлік жарық жол.
Мектептің көп бізге берері,
Ал кейін сағынып, аңсайсың.
Есейген күндерде келеді,
Партаға жатып-ап шалқайғың.
Мектептің білімі, сірә, кем,
Іздейміз әлі де тірнектеп.
Шындығы, қоршаған мына әлем –
Өмірдің өзі де – бір мектеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу