Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  107


Автор: Серікбол Хасан

КЕШІР, АЛЛА!

Атқанда күліп шығыстан жұманың таңы,
Қиямет күнін еске алып жыладым тағы.
Өткінші өмірге малданып жүрген адамдар,
Алдамшы екенін білмейді-ау мынаның бәрі.
Білмейді-ау олар, білсе егер бұлай етер ме,
Жаратпады ғой біздерді Құдай бекерге.
Ең құрығанда жұмада мешітке баршы,
Пайдасы тиер өмірден жылай кетерде.
Өткізбе, бауыр, бекерге күніңді бүгін,
(Қалдырған қанша ғұмырдың ұғындың сырын?)
Жұманың білмей сауабын Жұмабай бауыр,
Езгілеп отыр үстелге шылымның күлін.
Жақсы бол десең, қасарып жұлқынады ерік,
Қалғанын сезбей Қаһардың бұлты да төніп.
Бес күндік ғапыл ғұмырдың білмей бағасын,
Жұмагелді отыр нәпсінің ырқына көніп.
Сауапты айтсаң, ол саған зиянды айтады,
Қиямет жоқ деп (кеш Алла!) қиялдайды әлі.
«Өз күнәм үшін жауапты өзім берем», - деп
Жұмажан жатыр төсегін қия алмай тағы.
Мейірін шашып атқанда жұманың таңы,
Бауырларды ойлап қаперсіз, жыладым тағы.
Өткінші өмірге малданып жүрген жандарға,
Сауаптан көрі, тәттірек күнәнің дәмі.
Кешір, Алла!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу