Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  96


Автор: Серікбол Хасан

ҚАРҒЫС

Бала едім ғой, бүлінерін білген кім,
Шанамменен зулап ойнап жүргенмін.
Абайсызда қағып кетіп біреуді,
Қарғыс естіп үлгердім.
«Қата қалғыр, құрып кет!» - деп бастады,
(Қарғыстың сол белгілі ғой астары).
Бес жасымда лағнет естіп өзгеден,
Өң-түсімнің қашқаны...
Содан бері сұрқым да онша болмап ед,
Жүруші ем тек: «Алла, өзің қолда!» - деп.
Бір сөзімді қиыс айтсам аңдамай,
Оралады жолға кеп.
Хақсыз көптің табасына қалдым ба?
Жылт-жылт үміт қол бұлғады алдымнан.
«Малғұн» деген бір сөзі үшін көкемнің,
Сөзім сіңді жаңбырға.
Ұрпағы өшсе шашын жұлып еңкілдер,
Кей пендені кім қолпаштап, көркім дер?
«Мола болғыр» деп қарғайтын жалғызын,
Ауылдағы кемпірлер.
Алла сақтап арсыздық пен қатеден,
Жүрген соң ба,
Жүректе жоқ жат өлең.
Пәк жүрекке жылу сыйлау үшін мен,
Жағымды жыр әкелем.
Танымал боп шықпасам да төрге игі,
Тілегім көп...
Тәңір өзі бергей-ді!
Тек өзгенің қарғысына ұшырап,
«Мола болғым» келмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу