Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  77


Автор: Серікбол Хасан

ӘБЕС ӘДЕТ

Тірі адамға ағайыннан мал қайғы,
Амал емес, ақша жиып, қармайды.
Өлгеннен соң омырауын жас жуып,
Қабірінің басына кеп зарлайды.
Тірі адамға көрсетпей-ақ кешірім,
Кеше оның теуіп кеттік есігін.
Өлгеннен соң ойбай салып, ағынан,
Жарылып кеп мақтаймыз ғой есімін.
Тірі адамға тірлікте күн бермейміз:
«Бүйтіп тірі жүргеніңше, өл», - дейміз.
Өміріңде запы болған досыңды,
Өлгеннен соң кешіктіріп жерлейміз.
Тірі адамды қалтасымен сыйлаймыз,
Арақ қойып, сыра құйып қинаймыз.
Қайыр сұрап қолын жайған міскінге,
Садақаға бес-он теңге қимаймыз.
Бүгінде елім өлгенге жүр той қылып,
Шектен шықтық, шайтан алған бой мініп.
«Жеті», «қырқы», «жүзі» деген «дәстүрден»,
Қайтқан адам қабірде «отыр» қаймығып.
Шариғатқа шарқы жетпес молда көп,
Өлімді елге өкше тірер ол да кеп.
Қазалы үйдің қазанынан қазы іздеу,
Қазақтарға қанға сіңген болды әдет.
«Қаза-қайғы бардың малын жұтады»,
Жақыны өлген – сынған емен бұтағы.
Шариғатқа шаңы жұқпас салт сыйлап,
Жыртық үйден жыртыс алып зытады.
Тірі адамға тірлігінде бәрі бар,
Уақыты бар Жаратқанға табынар.
Өлгеннен соң ақыретте жаныңнан,
Ақша емес, амал ғана табылар,
Амал ғана табылар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу