Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  80


Автор: Серікбол Хасан

ҚАРАҢҒЫ КӨР

Жайшылықта жүргенмен жайраң қағып,
Күлкі-ойынның түбінде бар сұрауы.
Қабірге енген құр кеуде, қайта айналып,
Шықпайтынын аңғарып... алқынады.
Жақының да жоқ онда туысың да,
Құтыла да алмассың пара беріп.
Жазылған соң… жатасың қуысында,
Жаратқанның жазғанын пана көріп.
Қараңғы көр... Төзгісіз жазасы бар –
Жан-тәніңді өртеген сынақ ауыр.
Арылмассың Алланың азабынан,
Ақыр мейлі, жер теуіп жыла, бауыр!
Құтылмассың, ажалдан қашсаң-дағы,
Еншісі бар қара жер қайта алады.
Тірлігіңде тура жол тапсаң ғана,
Жәннат үйде жаныңыз жай табады.
Жайшылықта жүргенмен жайраң қағып,
Қам тірліктің түбінде бар сұрауы.
Ғұмырыңда қылмасаң пайдаңды алып,
Ертеңгі күн кеудеден жан шығады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу