Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  130


Автор: Серікбол Хасан

ЖҰБАТУ

Сен жыладың, аруым,
Көп көрдім деп тағдырдың тар сынағын,
Қоймады деп жазмышым қамшылауын.
Сен жыладың,
Жанардан жасың тамып,
Болдым деп масыл нағып?
Тағатым құрып бітті деп,
Таршылық мені күтті деп.
Сен жыладың,
Тағдырым мені тепті деп,
Бұл өмір не боп кетті деп.
Адамдар сөзге салды деп,
Басқаша ойда қалды деп.
Сен жыладың,
Ешкім де селт етпеді,
Сенің айтқан сөзіңді ертек деді.
Құлақ аспай сөзіңе кері кеткені.
Өзегіңді күйдірді өртеп тегі.
Жә, жә, болар,
Шыдайсың, шамаң бар ма?
Бәрімізді жұтатын мола барда,
Бақидағы бақытың –
Орамалда.
Орамалда бәрі бар, иман-арың –
Бұл өмірден бақиға жинағаның.
Сабырыңмен сүйреді о да алға,
Ендеше, үлкен мән жатыр орамалда.
Хақ Тағала қарап тұр бәрі-бәрін,
Қанша қыздың көшеде қағынғанын.
Қимасынан бір сәтте-ақ арылғанын.
Таршылықта туысын тастай қашып,
Арын пұлдап, теңгеге табынғанын.
Ал сен болсаң, жәннатқа адымдадың.
Ерік берме сондықтан, жасқа тағы,
Саған ертең сәтті күн басталады.
Сені сөккен жандардың жанарынан,
Қияметте қайнаған жас тамады.
Көтер, қане, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырдың жолы бұралаң саған.
Елемей өмір сәтсіздіктерін,
Жәннатқа жетер шыдаған адам.
Бәрі айтты саған:
Дәстүрді бүлдірдің деп,
Зор қауіп төндірдің деп.
Жасыңнан орамал тағып,
Өзіңді өлтірдің деп.
Бәрі айтты саған:
Жұрттар сенен шошынып қарайды деп,
Бар жамандық өзіңнен тарайды деп.
Салтыңнан аттадың деп,
Ұлтыңды таптадың деп,
Білмейді-ау, олар, әй, мұны,
Орамал деген – әйелдің көркем байлығы.
Арын сақтаған – ұятты,
Қыздардың бәрі ана-а-у періште сияқты.
Тірлікте бірақ сендерді,
Тілдейтіндер бар,
Жылататындар бар.
Күндейтіндер бар,
Ұнататындар бар.
Жанын салып қорлайтындар бар,
Араша түсіп қорғайтындар бар.
Қиналып бекер жылама, аруым,
Санаңа мұны құйып ал.
Пендесін бұлай сынаған бүгін,
Алланың ертең сыйы бар.
Өр кеуде баққа жеткізіп пе еді?
Өңмеңдеп барып өлмесе,
Өмірдің сынақ-сәтсіздіктерін,
Қуанып қарсы ал, ендеше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу