Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  215


Автор: Серікбол Хасан

ЖҰМАҒА АСЫҒУ

Көтеріліп күн нұры қия көкке,
Жұма күннің жадырап атты таңы.
Дәл осы күн орналар Қияметте,
Бақ-сорымыз сыналар сәт туады.
Бекер күнін өткізген баладайын,
Сәт санап біз келеміз күнә басып.
Ақыретіңді ойласаң, ау, ағайын,
Аптада бір келетін жұмаға асық!
Қу дүниеге құл болмай, құлшылық қыл,
Ақыреттің тек амал – алтын тағы.
Мешітке бар, жұмада құлшынып бір,
Бес күндік бұл дүниенің бар сұрауы.
Ерік берсең нәпсіңе, сол – тығырық,
Намазы жоқ мұсылман жай таба ма?
Хақты сүю және де қорқу, үміт!
Дүниеде бұл үмітсіз шайтан ғана.
Ақыретте қорғамас атақ, ұран,
Қызды емес, Құдайды жүр сағынып.
Қияметтің қорықсаң қаһарынан,
Жұмаға бар, жұмақты қылсаң үміт.
Душар қылмас, Жаратқан, тозағына,
Тозақтықтар – тайғандар олар жолдан.
Қайтқан күнгі қабірлік азабыңа,
Жұма күнгі намазың болар қорған.
Білместікпен ол өтті бала шағың,
Жастығыңды желікке берме мұны.
Ақыретте тартасың жан азабын,
Өкініштен өртеніп өлген күні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу