Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  94


Автор: Серікбол Хасан

ПЕНДЕМІН

Мен – пендемін...
Пенде мәңгі тұрар ма?!
Кетеміз ғой Хақтан бұйрық келгенде.
Тағдырымның қожайыны – Бір Алла,
Ал мен – пенде,
Шерлі ғұмыр,
Шерменде.
Пенделікпен бұзып алсам не бір іс,
Жаттан емес,
Хақтан медет тілегем.
Ел дегенде ет жүрегім егіліп,
Жан-тәнімді жұлқып-жыртып жіберем.
Иманым мен амалымды қосақтап,
Зыр уақыттың уысында жоғалам.
«Бұл пендеңді тастай көрме тозаққа,
Сақтай көр, - деп жалынамын, -
О, Аллам!»
Ұмтылғаным...
Ұмытпасам Құдайды,
Есейгенім... егер маған ес кірсе.
Кеудемдегім ағыл-тегіл жылайды,
Көк мешіттен азан даусы естілсе.
Мен – пендемін,
Ием – Аллаһ, жыр – тілі,
Ғұмырымды алған жоқпын мен сайлап.
Кім біледі,
Мені де ертең дүрлігіп,
Қолын бұлғап шақыра ма Кеңсай жақ?
Мен – пендемін.
Еркімде жоқ ешбір іс,
Еншімді де бөліп бермес енді ешкім.
Бір жеңіліс –
Өмір бойғы өкініш,
Бұл тірлікке қайта айналып келмеспін.
Деп рухыммен тілдестім




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу