Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  98


Автор: Серікбол Хасан

ҰЛЫ ШЕБЕР

Ол кезде біз оқушы едік... балғын ек,
(Ол кезде аңыз біздер үшін Арғы бет).
Қылатынбыз күнде-күнде білместік,
Тұратынбыз тақта алдында жәудіреп.
Ол кезде біз білмейтінбіз Хақ барын,
(Күнде-күнде жалған өлең жаттадық).
Көргеніміз – төрдегі анау көк жәшік,
Ермегіміз – доп қуалау шаттанып.
Дін жайында ұқпайтынбыз әлі біз,
(Біздер үшін Дарвин жалғыз сәніміз).
Ұстазымыз: «Бабаң кім?» - деп сұраса,
Бірауыздан маймыл дестік бәріміз.
Қайтіп бұлай жүрекке иман бекиді?
Бұдан кейін кештік талай не күйді.
«Жаратушым жар бола көр!» - десем мен,
«Құдай жоқ!» - деп мұғалімім зекиді.
Ұстазыма не айтпақпын ақтала,
Олар үшін мен біртүрлі, жат бала.
«Ұлы ақын», - деп бастаса ағай сабағын,
Мен айтамын: «Ұлы – жалғыз Хақ қана».
Қол бұлғады сол бір қызық мектебім,
Адасқан күн әлі есімнен кетпедің.
Аллаһыма сәжде қылып бес уақыт,
Ақиқаттың ауылына беттедім.
Ғаріп басым ғибадаттан талмапты,
Бүгін, міне, тағы да өлең арнатты...
Шын туынды адамзатты жаратқан,
Ұлықта деп Ұлы Шебер Аллаһты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу