Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  234


Автор: Серікбол Хасан

БАРЫС

Бекзат Саттархановқа
Алты Алашқа сүйікті еткен,
Асып туған текті ер едің.
Жұрт жетпеген биіктікке,
Жиырма жаста-ақ жеткен ерім.
Атой салып халқың жатты:
«Бекзат ұлдың еңбегі ерен!»
Жиырмаңда оттай жарқылдатты,
Махаббатың елге деген.
Ұлттық қаның – намысың бар,
Қайсар рухты текті өренім.
Ұлы көштің ағысында,
Қолың бұлғап кеткен едің.
Амал нешік, ажалға ара,
Бола ала ма адам аты?!
Қайдасың сен,
Азат,
Дара –
Қазағымның қазанаты?!
Тірлігіңде тас-түйін ең,
Толағайдай күшің бар-ды.
Адалдығың,
Пәктігің мен
Артыңда адал ісің қалды.
Барыстайын мықты болып,
Жастығында жанған оты.
Сендей болса ұлттың ұлы –
Қазағымның арманы осы.
Бүгін сендей барыстар жоқ,
Қарсақтар жүр айбат шегіп.
Ақыршы аға, арыстап боп,
Інілерге қайрат беріп...
Таудың асыл барысы едің,
Биігінен құламаған.
Есіміңді мәңгі сенің,
Ұмытпайды-ау, сірә далам!
Уақыт – жүйрік...
Алға асады,
Алаш үшін туған ұлан.
Сендей тұлпар болмасам да,
Тілдей ғана жыр қалдырам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу