Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  96


Автор: Серікбол Хасан

БІРДЕ... немесе ҚОЛ ТУРАЛЫ ЖЫР

І.
Бірде...
Көркем шара болды,
Ән-жырға әуес ел келді.
Жұрт ерекше баға берді,
Жан жарасы емделді.
Жүректегі жара табы,
Көңілден тез ғайып боп.
Сарт-сұрт ұрып алақанын,
Жамырасты халық көп.
Риза бәрі, бала-шаға,
Жеткіншек те, кәрі де.
Қызығы, бұл тамашаға,
Тегін келді бәрі де.
Бергендейін оңынан дем,
Бишілер жүр ырғала.
Жұрт жабыла қол ұрғанмен,
Қол соқпады бір бала.
Бірақ оның жанарында,
Жалын шашып дара нұр.
Кінәлідей жан алдында,
Қол ұрмайды бала бұл.
Көрінгенмен саналы боп,
Қылығы осы, көнеді.
Көнбеске де амалы жоқ,
Қолдары оның жоқ еді...
ІІ.
Бірде...
Жиып дүйім елді,
Бір ағамыз той қылды.
Көңілдің де күйі келді,
Қарынды да тойдырды.
Ақын ағам өлең оқып,
Сусындатты бар жанды.
Жырын жұрттың бәрі ұнатып,
Талантына таң қалды.
Осы тойда тілек айтып,
Би биленіп, ән салды.
Үйлеріне күле қайтып,
Жиылған жұрт тамсанды.
Ел көзінен өзі бөлек,
Қайта-қайта қол ұрып.
Жиылғанның көзі көред,
Біреу шықты жұлынып.
Тамсанды ма, жоқ талабы...
Бұл қылығын кім ұқсын?
Қолын ұрып тоқтамады,
Пейіл де шын, қылық шын.
Несі екен ә, қызып тасқан,
Неге мұнша алқынды?!
Білдім кейін, жүзік басқан,
Қолы толған алтын-ды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу