Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  227


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЯН ЖАНҒАЛОВТЫ ЕСКЕ АЛУ

(Лирикалық толғаныс)
О, өмір-ай!
Кеше ғана басқа еді,
Шыңға жетті ағалардың жас шебі:
Бәйкен ағам тоқсан үшке келгенде
Баян ағам тоқсан алты жаста еді.
Дәл сол жылы қоштасулар басталды,
Бақыт жеңгем қара жерді жастанды.
Қатты батып жан жарының қазасы,
Тоқсан үште Бәйкен ағам аттанды.
Қырық күн өтті Баян аға кеткелі,
Бір жыл ғана жүз жасауға жетпеді.
Тоқсан тоғыз аз жас емес, бірақ та...
Жүзге келіп, тойлап жатсақ көп пе еді?!
Амал қанша Жаратқанның ісіне,
Кезек келді өлімге қимас кісіге.
Үш күн бұрын мені өлеңмен құттықтап,
Хат жазыпты сеніп бойда күшіне.
Сексеніме сездім үлкен құрметін,
Енді отырмын көріп қана суретін.
Хат жазу да тіршілікке құштарлық,
Орындалар ойыңа алған міндетің.
Асыл абыз кішілікке қарамас,
Сыйлап өттің бір досыңдай шамалас.
Рахмет, аға, жүрек сырын қабыл ал,
Көз жасы мен қимас сезім аралас.
Жеңіл емес соның бәрін жеткізу,
Жан толқытқан басылған жоқ ет қызу.
Кезек алды...
Тойлар емес, ас беріп,
Аят-дұға рәсімдерін өткізу.
Қырық күн толды Баян аға кеткелі,
Суық хабар Зерендіден жеткелі.
Ағалардан айырылу қинап тұр,
Бұл да меже... өмір-өзен өткелі.
Ғайып болды Көкшенің қос қыраны,
Қос шаңырақ сөнді аталық шырағы.
Қазағымның қос арысы, қос жартас,
Қатар өскен қос қарағай құлады.
Қандай еді қайсар Баян ағамыз,
Қыран-ғұмыр – әрі ақиқат, әрі аңыз,
Қарт майдангер, Еңбек Ері, қайраткер,
Қанай биге ұқсап туған данамыз.
Нар тұлға еді Көкшетаудай жоталы,
Қажытқан жоқ қанды соғыс қаталы.
Сан ажалдан алып шықты
Болғаны
Аруақ қонған аталы да баталы.
Кешті ағамыз Сталинградтық шайқасты,
Естен танды Гитлердей албасты.
Жауды жеңіп, елге оралып көрсетті
Астық үшін арпалысқан айқасты.
Ел мұңына мәрт майдангер бағынды,
Күш қосатын құтты асу табылды.
Отан берген «Қызыл Жұлдыз» қасына
Мәңгі сөнбес «Алтын Жұлдыз» тағылды.
Бойшаң еді күнге қолы жеткендей,
Алпамыспен асық ойнап өскендей.
Жібек мінез, жылы жүрек кісі еді,
Әр сөзінен жаннат желі ескендей.
Сымбатты еді...
Көз құрышын қандырар,
Сергек болды әзіл-күлкі, ән құмар,
Ойлы көзі күлім қағып тұратын,
Сиқыр күштей аруды естен тандырар.
Қашан көрсең қайыспай жүк көтермек,
Әр қадамы үлгі-өнеге етер көп.
Біздер сақал қоймай өстік, Баянның
Бай сақалы бір аймаққа жетер деп.
Сұңғыла еді... ауыр істе шыңдалған,
Әсем жыр боп көрінді оған бұл жалған.
Көп жасаған құпиясын айтайын:
Ақын еді әр күннен бір із қалған.
Зерендіні көріп еске аламыз,
Он жыл бойы басқарыпты ағамыз.
Қырық күндік қабыл болсын ас-дұға,
Әлі талай беріледі бағамыз.
Заманында қызу еңбек қайнатқан,
Жүрген жерге талай жүлде байлатқан.
Баян аға торқа болсын топырағы,
Орын берсін Алла оған жаннаттан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу