Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  86


Автор: Кәкімбек Салықов

СЕУЛДЕГІ САЛТАНАТ

Сеулде өткен Саммитті ұмытар кім?!
Көңілде өшті ядролық таңы тар күн.
Елу елдің алдында Қазақстан
Туды үлгісін әлемге танытар күн!
Сұм қаруды жойылту амалында,
Сертім берік жаһандық ар алдында.
Өтті Саммит талай ел дүр сілкінген,
Сепаратистер, лаңкестер заманында.
Тәуелсіздік жеткенде елім менің
Іс тындырды тудырар сезім селін:
Ядролық қарудың құртты көзін,
Қарайламай, қызықпай, жеңіл, тегін.
Ядролық қаруы жоқ елдерде
Болды үнсіз көз салып елеңдеу де.
Атомы бар алыптар алғыс айтты,
Түпкі мақсат салғызып терең зерде.
Жасады елім ұлылық орасанын,
Хиросима ескі алды мола таңын.
Сонда ойлады Президент Назарбаев
Бүкіл әлем бомбасыз болашағын.
Сеулдегі Саммиттің барысында
Туды кезең бар ғалам танысуға.
Баяндама жасады Елбасымыз
Сәтті күнде шақырып табысуға.
Ғаламшар да Сеулден хабар жайып,
Ақын жаным сәт туды қалар байып:
Тартты сонда Саммиттің бар назарын
Обамалар қолдаған Назарбаев.
Көкейкесті зор арман ойындағы:
Ядролық соғыстар жойылғаны.
Шикізатты жұмсап тек бейбіт іске,
Тың жүйеге жөн деді қойылғаны.
Ен байлықтан емеспіз есірген ел,
Көп қиналдық жиналса есім кемел.
Сұмдықтарын атомдық жарылыстардың
Біз боламыз басынан кешірген ел.
Ұмытылмас халқымның қажығаны,
Жер астынан естілді тамұқ әні.
Қазақ үшін бақытты шақ боп жетті
Полигоны Семейдің жабылғаны.
Құрмет етіп шақырып тілдесер кең,
Жетті күндер Отаным шын есейген.
Үлгі етіп Саммитте қазақ жолын,
Ұлағаттады Америка, Ресеймен.
Ядролық қолдамас жекпе-жекті,
Жылы лебіз легін төкпелетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы
Пан Ги Мун да шындықты жөптеп өтті.
Бұл Саммитке арнасам жан құштарын,
Жарылыстар көріп ем сан қыспағын.
Сондықтан ба, ғалымдар, сарапшылар
Жүрегіме жазыппын алғыстарын.
Рахмет, достар!
Саммитке ат салысқан!
Бейбіт елміз әлімсақ жаралыстан.
Сенімді ақтар халықпыз сертке берік,
Үлгі болса әлемге Қазақстан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу