Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  111


Автор: Кәкімбек Салықов

НАУРЫЗҒА АҚ ТІЛЕК

Аязы мол қоштаса қаңтар, ақпан,
Күндер туды гүл-көктем есік қаққан.
Қалтарыста дағдарыс талай елде,
Біз – қазақпыз мол табыс көзін тапқан.
Кел, Наурыз!
Ат байла тура төрде.
Тойлы дүбір қозғалсын құба белде.
Ұлы күнін Ұлыстың ұлағаттап,
Тәуелсіздік жайнасын шырағы елде.
Мәңгілік ел ғұмырын көрікті етер,
Ұлт тұғырын күн туса биіктетер!
Өрім малға толсын деп, төрім жанға,
Қыдыр ата ақ бата беріп кетер.
Наурызға ақ тілек – салтым асыл:
Құт-береке, молшылық сарқылмасын.
Жер-жаһанды тамсантып Астанамыз,
Қазақстан қарқыны сәл тынбасын.
Бақыт құсы ұялап табысыма,
Шабыт қоссын шаң жұтпас шабысыма.
Қала, дала үр жаңа үрдісінің
Сәт тілейік әлемдік жарысына.
Өнегелі мәрт-жомарт қазағымның
Қызығына кел, шатты, мазалы күн!
Ел байлығын қорғайық адал қолмен,
Алаш ары сақтауға тазалығын.
Лаңкестік, жемқорлық тарамасын,
Алаяқтың азайтсын арам асын.
Тентіреген жойылсын жұмыссыздық,
Жүдеу қазақ қамығып қарамасын.
Қызып ойын-сауыққа барша халық,
Қыз қуу, бәйге, күреске жан салайық.
«Селк еткізер», «Ұйқы ашар» қызуымен
Атқан таңын Наурыздың қарсы алайық.
Сырғалы қыз, сызылып алаңға шық,
Жігіт аз ба тұлғалы саған ғашық?!
Бипыл-типыл би билеп заулатыңдар,
Қызды жігіт кетердей ала қашып.
Жарқын маусым келгенде дағдылы асым:
Наурызкөже көз тартып лақылдасын.
Қаракөз бен дарабоз айтыс бастап,
От қызуы думан-той лапылдасын.
Кел, Наурыз!
Септессін дара күшің!
Қолдап жібер байтақ ел саналы ісін.
Не де болса бар қазақ жасап жатыр
Жақсылықтың бәрін де адам үшін.
Болсын елім сәт пен құт қолдауында,
Ерен байлық бұйыртсын молдауын да.
Барлық талап айтылған орындалсын
Елбасының жыл басы Жолдауында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу