Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  129


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖЕЗҚАЗҒАНҒА АЛҒЫСЫМ

Ассалаумағалейкум, Жезқазғаным!
Есімде қойнауыңда кен қазғаным.
Тебірентіп кенші достар шат құшағы,
Жырға орап Ұлытауды кең маздадым.
Жыр еттім көңіл сүйген құмарлы істі,
Шалқыттым тау мен тасты бұзар күшті.
Балқыттым аққу-қазды әнге қосып,
Толқыттым тау ішінде ұлар құсты.
Кең дала басты талай көз күйікті,
Еншіме ел аңсаған сөз тиіпті.
Кешегі Жақсыкелді әніменен
Жеткіздім бар қазаққа «Жезкиікті».
Дүние бір қуанды үнге байып,
Ел сүйді – сол ғой бізге жүлде лайық.
«Даланы» қарындастар қосыла айтып,
Әндетті ширек ғасыр Ділдебаев.
Көріп ем Сәтбаевтай зор алыпты,
Кешегі Ешпановты, Омаровты.
Байқасам, көшелерде аты қалып,
Көп достар үлкен-кіші жоғалыпты.
Таусылмас қаулап жатты қалың ісім,
Жырдың да көрдім жақын жалындысын.
Өмірден ерте кеткен достарыма
Бұл күнде басылмай жүр сағынышым.
Көп алған табиғаттан есең мықты,
Жезқазған, жер асылы, көшең құтты.
Жетпісте желкенімді желбіреткен,
Тілеймін бар халқыңа есендікті.
Жезқазған, абзалысың байтақ елдің,
Алдыңа ақсақал боп қайта келдім.
Мен сенің ақын-кенші түлегіңмін,
Сол үшін мың-мың алғыс айта келдім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу