Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

АНАМ БЕРГЕН ДОМБЫРА

Досымнан сыр жасырам мен несіне,
Анамды көп айтушы ем жерлесіме.
Көкшені көшкен бұлттар торлағанда,
Жан анам соғыс жылғы келді есіме.
Жан серік қам көңілдің бар назына,
Құмарттым Ақан сері ән назына.
Мектепті мен медальмен бітіргенде
Домбыра әперді анам байғазыға.
Күмбірі көршілерді таңғалдырды,
Көркейтті көкіректе жанған нұрды.
Жеңгейлер көрімдікке кәмпит шашса,
Үлкендер бата беріп, ән салдырды.
Студент күндер ұқсап әскерге де,
Сыйғыздым тар вагонда аз жерге де.
Болсын деп қимас досым қайда жүрсем,
Әкеттім домбырамды Мәскеуге де.
Жүрегім түрлі назға тасып толды,
Ғашық ән жасырынбай ашық қонды.
Домбыра көп тартқызып
Аққұба қыз,
Ақыры бір көруге асық болды.
Мұңайсам сегіз перне болды ма сеп,
Құпия таң сарында мол құрап ек.
Атадым тұңғыш өлең жинағымда
Алғашқы поэмамды «Домбыра» деп.
Толғанып екі ішекке мұң да арттым,
Күмбірі жан толқытып сырға баттым.
Әжесін ерте кеткен көре алмаған
Ұлыма домбырамды сыйға тарттым.
Қолға алсам қуанамын жар салардай,
Кезім жоқ күмілжіген ән сала алмай.
Ерланның үйіне мен жиі барам,
Жан анам Жезқазғанда қарсы алардай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу