Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  411


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕЛ БІРЛІГІН БИІКТЕТКЕН ТУЫМСЫҢ

(Бейімбет Майлинге)
Дабылдатса даңқы бүкіл ғасырды,
Кейде тағдыр атын елден жасырды.
Найзағайлар арасынан жарқ еткен
Қайта көрдік Бейімбеттей асылды.
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз...»
Деген сөзді ұран еттік әлі біз.
Дәл айтыпсың сол заманда, Биаға,
Ауыл көріп, ашып тұр ғой жанымыз.
Лүпілі бар жүректі үшке бөлмейміз,
Алатаудай Сарыарқаны төр дейміз.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет – үш дария,
Өзен болсақ, дария жаққа өрлейміз.
Бар қазақтың бірлігіне сенеміз,
Егемен ел, өрде ортақ кемеміз.
Қайғырсақ та, қуансақ та үндесіп,
Дерті бірлер демде ұғысып келеміз.
Жаралғандай жаның нұрлы парыздан,
Адалдығың – нағыз аппақ қауыз, дән.
Қай ауылда тусақ-тағы, бар қазақ
Тастамаймыз Биаға деп ауыздан.
Арыстармен арманы бір шыңымсың,
Білмегендер бүгін жөндеп ұғынсын.
Қостанайым қосқан ұлы дүбірге,
Ел бірлігін биіктеткен туымсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу