Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

САЛТ ҚАМШЫ

Салт қамшының сыры жатыр алыста,
Ол құс қанат алып ұшар жарыста.
«Қыз қусаң да» қамшы үйіртіп жетіп бар,
Бәсекеде қыздырады намысқа.
Қайырмасы:
Заула, заула, құйындат,
Шаңға орап кет, бұрын тарт!
Бас қамшыға, екпіндет!
Оза шауып, еркін жет!
Бір серпіліп қалады ел,
Бас жүлдеңді ала бер.
Тал бойында намысы бар жақсының,
Сұлу қамшы айтқызады жан сырын.
Адал досың ұмытпайды ешқашан,
Қиналғанда ұшын берсең қамшының.
Қайырмасы.
Сан сайыста топтан оздық, жеңдік те,
Алшаң бастық қамшымызға сендік те.
Салт қамшыңды үйіріп қал дер кезде,
Сонда жайнар серілік те, ерлік те.
Қайырмасы.
Бір сілтеп қал, Ақан сері айтқандай,
Құлагерше тез құйындат жасқанбай!
Қазақ үшін қуанышта не жетсін
Алқа топтың алдын озық ашқандай.
Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу