Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  159


Автор: Кәкімбек Салықов

ӘСЕТ-ЖҰЛДЫЗ ЖАРҚЫЛЫ

(Әсет Бейсеуовке)
Жел сыңсып, Ай қамығып,
Тастан-дағы
Сол күні балқып шықпас жас қалмады.
Құйылып Әсет-жұлдыз жерге түсті,
Қиылып алтын сызық аспандағы.
Ән сүйгіш қауым көкке қарап қалды,
Теңселтті ауыр қаза қазақтарды.
Тек қана Заманбектей ер азамат
Өлімге қимай қару-жарақтанды.
Секілді сәл мезетке көз ілдірген,
Ғажапты жеткізер ме сезім тілмен?
Жарқ етіп Әсет-жұлдыз қайта жанды,
Жыр болып жалғыз шумақ төгілдім мен.
Кеңсайды басып жұлдыз төтесімен,
Тік шықты Алатаудың шекесінен.
Күлімдеп Әсет-жұлдыз нұр шашып тұр,
Сұлу саз қауышқандай көкесімен.
Жақсының жақсылығын жасырмаған,
Жасымнан мінез бердің, ғасыр, маған.
Әсеттің атағына атақ қосты
Болғаны Заманбектей қасында адам.
Шын достық шуағына ел де қанды,
Сүйсінтті достар түгіл бөгде жанды.
Бір жұлдыз «Әсет болып көкте жанса»,
«Бес жүз ән» шырақ болып жерде жанды.
Тірлікте дос-жаранға төрің толса,
Қырықтың біреуінен қыдыр қонса,
Ажалдан шошыну да бекер екен
Адал жан – Заманбектей досың болса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу