Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  345


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰДА КЕЛДІ

Құда келді!
Ауылға құда келді!
Есің неге шықты деп сұрама енді.
Құдашаны көруге құштар едім,
Жүрегіме жүгірмек лаң енді.
Інілерім, кәнекей, жүгіріңдер,
Құдағидың алдында бүгіліңдер!
Қозы іздеген қасқырдай тесіреймей,
Қоян ілер түлкідей үңіліңдер.
Құда менен құдағи сынар елді,
Білдірмейік той толас, тынар жерді.
Ән шырқайық, ай, аспан жаңғырықсын,
Биге шығар от жанар, бұраң белді.
Құда келді!
Келеді күй ақтарғым,
Қандырайын құрышын құлақтардың.
Аққу әні, жезкиік дүбіріне,
Күлкісіне салайын бұлақтардың.
Беу, құдаша!
Бізге де құлақ салғын,
Тостаған көз, томпақ бет, ұнап қалдың.
Ата-баба, сал-сері салтыменен
Тап қасыңа келеді құлап қалғым.
Біздің елдің әні бар «Жамбас сипар»,
Бір сипамай қоймайтын мен де қиқар.
Шырқағаным ұнаса шабыттанам,
Өршеленіп кеткендей өрде тұлпар.
Құда келді, жеңеше! Құда келді!
Ұмсындыр да қымсындыр қыран ерді.
Өкшең емес, ұшымен басып бар да,
Сақтағаның қайда еді?
Шығар енді!
Құдаларды көрейік, күтімді етіп,
Шампанды құй шапшытып, шүпілдетіп.
Өктем сөйлеп, өндірте алдырыңдар,
Рюмкенің сыңғырын үкімді етіп.
Әзілмен жең, жауап сөз таппайтындай,
Тіліңді алдыр, айтқаннан қайтпайтындай.
Мені жібер!
Қинайын құдашаны,
Қинай білмес құда деп айтпайтындай.
Құдалардың қалмасын қызбағаны,
Құдашаны әйтпесе қызғанады.
Не де болса қуаныш құтты болсын!
Ұлы тойдан ұлағат із қалады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу