Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  97


Автор: Кәкімбек Салықов

БІР МІН БАР

Тіршілік, сенде бір мін бар,
Шаттықтан қайғың көбірек.
Сайрамай талай бұлбұлдар,
Булықты үнсіз еңіреп.
Беу, уақыт! Сенде бір мін бар,
Жүрісің шымқай асығыс.
Қамығып өткен мың гүл бар
Қауызын ашпай қапылыс.
Бір мін бар сенде, арманым,
Тым биік құлаш сермейсің.
Білсең де дүние жалғанын,
Аз ғана тыным бермейсің.
Қайтейін, достым, мін демей,
Өзіңді көптеу сүйесің.
Сыздаған жерді іздемей,
Қытыққа тиіп жүресің.
Бір мін бар, інім, сенде де,
Сынамас жерде сынайсың.
Ел-жұртқа жақпас пендеге
Ергіштеп үйір құрайсың.
Бір мін бар сенде, жан аға,
Көңілге кірбің тересің.
Түскендей сайтан араға,
Қол ұшын кештеу бересің.
Жаттаған Абай сөзінің
Қайталап көбін иланам.
Аз емес мінім өзімнің,
Кешірек ұғып қиналам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу