Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  71


Автор: Кәкімбек Салықов

МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВКЕ

Мырзатай атты мырзаның
Маңайы құтты, нұрлы ағын.
Мейірбан, жылы шырайлы,
Қарашы күліп тұрғанын.
Елім деп соққан жүрегі,
Намысқа бастап жүреді.
Ол – Абайшыл жаралған,
Ар-намыс берік тірегі.
Замандар мәңгі бағалар,
Күлтегіншіл ғұлама саналар.
Ол – айбынды ақтангер,
Бауыржан тектес қара нар.
Жамбылшыл ескен наз үні,
Ол – халқымның әз ұлы.
Тамыршысы тарихтың,
Мемлекет алтын қазығы.
Талай іс сәтті тынды ірі,
Тізбекке сыймас мың бірі.
Ол – сансыз қырлы, бір сырлы,
Қазақтың асыл дүлдүлі.
Жақсылық толы тілегін
Алыстан шолып білемін.
Ерекше қатты сыйлаймын
«Жезкиікшіл» нәзік жүрегін.
Мырзеке, осы айтарым,
Сенімді дос деп байқадым.
Құтты болсын жетпіс жас,
Әкелсін шаттық әр таңың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу