Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  85


Автор: Кәкімбек Салықов

АРМАН-ҒҰМЫР

Сенен артық көрмедім сымбатты адам,
Ашық еді жанарың мұң батпаған.
Көгілдірі аққудың секілді едің
Көк толқынның құшағы құндақтаған.
Жазғы түнді ақ сәуле сұйылтқандай,
Жұмсақ, шағын ақ жібек иық қандай!
Ақ төсіңе Ай нұры түсуші еді,
Алақанға ақ уыз ұйытқандай.
Киік тұлғаң қызық-ау бұлғақтаған,
Жарқ еткенің алдымда қымбат маған.
Сағыныштың әуресі бітпейді екен,
Ақ жүзіңді бір күн жоқ жырлатпаған.
Басылмайды жүректе қалған дүбір,
Осы екен ғой таусылмас арман-ғұмыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу