Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  103


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖАНАРТАУ, СӨНБЕС ЖАЛЫНСЫҢ

(Ескендір Хасанғалиевке)
Ақтангерсің, Ескендір,
Әніңді қазақ жаттаған.
Сұлу саз болып көшкен нұр,
Бабалар рухын сақтаған.
«Атамекен» – әнұран,
«Алтын құм» – әлем білген ән.
«Ақсұңқарың» – ән-қыран,
«Елігің» – жүрек тілген ән.
Жаралған жастай таң сүйгіш,
Нәр алған күннен дарынсың.
Көкірегің сұлу ән құйғыш,
Жанартау, сөнбес жалынсың.
Күш-қуатың дін аман,
Тұлғаң да түзу сырықтай.
Өмірің қызық роман,
Жүректі қоймас жылытпай.
Болды ғой, шіркін, әр маңда...
Қызығып көз салғаның.
Ақылды ісің жалғанда –
Дариконы алғаның.
Әр күнің зор мереке,
Жарқырай берсін шырайың.
Сыйлады құт-береке
Біржанды берген Құдайым.
Биікте дара өскен гүл,
Баулыған бұлбұл құс таңдап.
Дарико, Біржан, Ескендір –
Бір ұяда үш тармақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу