Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  165


Автор: Кәкімбек Салықов

КЕНШІЛЕРДІҢ ҚАЛАСЫНДА БІЗДІҢ ҮЙ

Кеншілердің қаласында үйімде
Үйреніп ем талай құтты үйірге.
Дәл қасында бүгін қатты тебірендім,
Тұрғандай боп баяғы жас күйімде.
Сырты сұлу адам көңіл бөлгендей,
Шарбағы да өзім қолмен өргендей.
Ауласына жанұшырып қараймын,
Ойнап жүрген ұл-қызымды көргендей.
Әр бөлмесін демесем де жүз аттық,
Берді тағдыр бар қызығын ұзақ қып.
Туыстан да артық еді көршілер,
Тап осы үйден балдызымды ұзаттық.
Қанат жайдық. Өріс тауып ысылдық,
Інілердің ержеткенін түсіндік.
Әшірбек пен үйленгенде Қайыркен,
Құтты төрге келіндерді түсірдік.
Бар асылын мейманына сақтаған
Ел дәстүрі берді талай сәт маған.
Аз болатын азаматтар киелі
Бәйбішемнің қолынан дәм татпаған.
Өмір қызық жан толқытқан назымен,
Осы үй жебеп кен асылын қазып ем.
Сері күнде Сарыарқаны аралап,
Осынау үйде «Жезкиікті» жазып ем.
Тәубе деймін, балаларым ержетті,
Аралап жүр өз бетінше жер-көкті.
Немерелер қанат жайды бұл күнде,
Армандаймыз шөберені көрмекті.
Дәл осы үйден шеру тартып ғасырға,
Өрге ұмтылдым қанаттанып жасымда.
Жезқазғанға келген сайын есіркеп,
Тұрып қайтам құтты үйдің қасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу