Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  99


Автор: Кәкімбек Салықов

РУХЫҢ СӨНБЕС, ЖАН АҒА

(Жәлел Қизатовқа)
Асылдарды байқа, достым, іргеңде,
Адам, шіркін, барын сыйлай білген бе?
Қызылжардың қыран ұлын хас батыр
Кездестірдім Сыр бойында жүргенде.
Сыйластық та, қимастық та арада
Мол еді ғой ой салатын санаға.
Сексеніңе аз ғана күн қалғанда
Мәңгі ұйқыға аттаныпсың, жан аға.
Жәлел, Мәлік, Бауыржан мен Рахымжан,
Үлгі едіңдер шырғалаңға шақырған.
Есімдерің бұл ғаламда сақталар,
Тұғыр алған жиырмасыншы ғасырдан.
Қан майданда болмасам да шайқаста,
Бейбіт күнде түстік талай байқасқа.
Жәлел аға – шымыр дене, дембелшең,
Қатар жүрді Арал үшін айқаста.
Сан жиында Мәскеуде де көрген ем,
Танымасқа тұра білді көлденең.
Кішігірім шенқұмарлар шыр бұзса,
Сол еді ғой шырқау шыңға өрлеген.
Егде күнде мұқалмады ерлігі,
Дауылпаз ғой қыза түсер жел күні.
Жәлелдермен жалауын тік көтерді
Қазағымның тәуелсіздік, елдігі.
Айбыны зор айтар дерек мол тағы,
Желтоқсаншыл жұлдыздарды қолдады.
Асыл аға қан майданға кіргендей,
Жас жалынның аруағын қорғады.
Мейірімді еді жібітердей кесірді,
Өз өкпесін Қызылжарға кешірді.
Қанша айтсаң да жаны жайсаң ақын ғой,
Сағынатын көк толқынды Есілді.
Мен де толқып,
Жүрген ұлдай әскерде,
Туған елді көп айтушы ем Мәскеуде.
Әуелетсем талай өлең шырқауын,
Құс жолына ұластырды көп перне.
Жаңа өлеңін жазған Жәкең кешегі,
Оқығанда сыр қаулайтын көшелі.
Ұшқын сөзі «Катюшаның» оғындай,
Жарқыл қағып сонда жүрек теседі.
Мәскеу жақтан самолетпен қайтқанда,
Көз ілмеуші ек түні бойы, ақ таңда.
Батыр Баян секілді боп кететін
Мағжан аға аңыз, назын айтқанда.
Есіме алсам толқымалы жырыммен,
Сәт оралар жанарынан нұр ілген.
Айтқызбай тұр емін-еркін бәрін де
Көздің жасы қылқаламға ілінген.
Отырмаймын салт қамшыны ширатып,
Ол батыр ғой қайтқан жауды қиратып
Бар қазаққа бесенеден белгілі,
Жетіп жатыр деген бір сөз Қизатов.
Содан болар, ұзақ сөзді тежедім,
Тағдыр ісін тура келген сеземін.
Жәлел аға, төсіңде Алтын Жұлдызың
Кең аспанға берді сөнбес кезегін.
Рухың берік.
Қазаң елді жылатты,
Ақ арулап Сыр тебіреніп ұзатты.
Періштедей жан едің сен, пейіштен
Берсін Алла саған мәңгі тұрақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу