Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  79


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЙЫТУШЫ

(Қамал Қадыржановқа)
Не деген жомарт еді мамандығың,
Көтердің кен байытып заман жүгін.
Алғысы кеншілердің деп білгейсің
Орнатқан ескерткіші саған бүгін.
Сен, аға, біз – алғы көш легіміз,
Мәскеуде Цветметтің түлегіміз.
Бұл күнде бір лүпілін жоғалтып тұр
Талай жыл бірге соққан жүрегіміз.
Кен кеулеп, жез жентектеп аласұрдық,
Бір көрсек, бірге өскендей ағасындық.
Жастарға жан жалықпас сабақ еді-ау
Жәдігер жасай білу жанашырлық.
Жаттықтың жаурағанды жылындырып,
Мақтаушы ең сүйсінткенді сырын біліп.
«Ол нағыз өндірістің адамы...» – деп
Талдаушы ең бар өнерін ұғындырып.
Ерен іс, айта берем қай тізімін,
Көз тояр көрнектісі бар ізіңнің.
Балқаштың сен байырғы ардагері,
Балқыған мысқа құйған жан қызуын.
Ұлағатты ұстаз да едің алтын ұя,
Жан пида сақтай білген жар қызығын.
Топ жарған думан-жиын жүйрігі едің,
Сүюші ең ащы өлең мен күйді керім.
Табиғат көкірегіңді кеніш етіп,
Ізгілік мырза мейір үйді кенін.
«Ей, қалқа!..
Сен қайдасың мен дегенде?..» –
Деп бастап кең бұғақты кернегенде,
Талмаурап, балқып, толқып, шырқаушы едік
Сіз дүлдүлге біз еліктеп ерген пенде.
Өлеңге қазақ көңіл қайтармаймыз,
Әр адам өзіне сай жай таңдаймыз.
Қанша ақын, қанша әнші қайталасақ,
Өзіңдей осынау әнді айта алмаймыз.
Жалғасқан жыршы-дала түлегіміз,
Жоқ емес өлең сүйгіш легіміз.
Өзгелер көмекейге басып жатса,
Ал сіздің айтушы еді жүрегіңіз.
Кіргені есіміңіз ән-жырыма –
Қанықтым шын мейірбан жан нұрына.
Сүйсінтсе кен байытқыш асыл өнер,
Құмарттым жан байытқыш тағдырыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу