Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  77


Автор: Кәкімбек Салықов

СОНЫҢ БӘРІ – НҰРАҒАҢ!

Күлім қағып жарқ еткені ұнаған,
Домбырасын солақай қол бұраған.
Қырғын күйші болып кетті дирижер,
Дүлдүл саңлақ күй ортасын құраған.
Соның бәрі – бір адам,
Соның бәрі – Нұрағаң!
Аққулармен ашылса күй сандығы,
Мың құбылтты жүйрік жүрек жарлығы.
Қаңқыл-саңқыл, бебеу қақса қиқулап,
Жан тебірентті сұлулардың тағдыры.
Мың санатта бір адам,
Құс қанатты Нұрағаң!
Терең сарын, ойлы ағын бірлесіп,
Атпал әуез кетті көппен тілдесіп.
«Ата толғау» тірі жанды тебірентті,
Сал домбыра, сансыз аспан үндесіп.
Дана туған бұл адам,
Дара туған Нұрағаң!
«Нұрғиса күй» арпалысқа тоймайды,
Аламанда ат жалында ойнайды.
Ел атағын ай-әлемге жеткізіп,
Бар қазақтың тойын бірге тойлайды.
Алғыр қыран бұл адам,
Аңыз-ұран Нұрағаң!
«Нұрғиса-ән» қазаққа кең тарады,
Киелі әуен есте мәңгі қалады.
«Сарыжайлауы» самал жайып самғатса,
«Құстар әні» сау жүректі жарады.
Жаны ән мен жыр адам,
Қаны қазақ Нұрағаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу