Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  72


Автор: Кәкімбек Салықов

ӨМІРДІҢ АКАДЕМИГІ

Асыл жандар арсыздыққа көнбейді,
Тура сілтеп, алға алаңсыз өрлейді.
Ерлігімен ел мұңына сеп болып,
Салт-дәстүрмен ережеңді жөндейді.
Соның бірі – Бәйкен аға Әшімов,
Сүрлемейік ақиқатты жасырып:
Дәл он төрт жыл үкіметті басқарса,
Мәскеуден де жүрді амалын асырып.
Бір сырлы жан бойда өнері мың қырлы,
Қазақ үшін ғажап істер тындырды.
Қолда барды қорлағанды жек көріп,
Тегістеді кейде кедір-бұдырды.
Бодан тірлік бұзды талай қамалын,
Дауыл кешті күтпей өмір самалын.
Кәрі-жасқа бірдей ізет білдіріп,
Азаматтың сақтай білді адалын.
Ізгіліктің бек сақшысы жүрегі,
Білмегенге сәл жымиып күледі.
Мың тексеріп түк таппаған Колбиндер
Сол күндерден тазалығын біледі.
Үлкен талант сезді өресін ел іші,
Есіл-Көкше дейді әйдік егінші.
Шахталарда кеншілікті игеріп,
Жетісуда болды күріш егуші.
Алау-жалау жоқ қызбаға жерігі,
Алда жүрді қиындықта ең ірі.
Қарт майдангер, еңбек ері, дәл айтсақ:
Ол – өмірдің үлкен академигі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу