Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  350


Автор: Кәкімбек Салықов

СЕКСЕНДЕГІ ТОЛҒАНЫС

Ақ тілекпен құттықтасып достарым,
Бүкіл елім қошеметке қосты ағын.
Сексен жасқа есен-аман жеткенде,
Есеп беру керектігін қостадым.
Естен кетпес жастық билеп жүрген күн,
Супер сұлу қызға құтты үйлендім.
Ерте аттанған анам үшін жыр жазып,
Әкем үшін кеншілікті игердім.
«Ақын-кенші», «Жезкиік ақын» дегенде,
Намыс қызар, қан дүрлігіп денемде.
Он жыл қазған Жезқазғанда жез кенін
Азаматтық парызым деп сенем де.
Есіл-Көкше бауырында өскен баламыз,
Өткен жылдар – әрі ақиқат, әрі аңыз.
Мәскеулетіп, Нүкістетіп, Аралдың
Қорғаушысы болғандар деп санаңыз!
Жасырмайтын дос-жараннан сырым бар,
Таттым ләззат махаббаттан шырын-бал.
Тәубе деймін, төрім толды шаттыққа,
Мақтан етер қызым менен ұлым бар.
Немерелер қыздырды өмір қарқынын,
Қуаттанам шығарса олар жарқын үн.
Бәйбішем-ау, тәубе дейік, сен байсың,
Қос шөберең – қос арбалы алтының!
Туған елім!
Берік болсын қадамың!
Аз да болса күш қосуға жарадым.
Мен сексеннің сеңгірінен тоқсанның
Тоғайына саспай кетіп барамын.
Шалқи берсін бар қызықтың бәрі де,
Қаламымды суытпаспын әлі де.
Құрбы-арулар, сендерді де ұмытпан,
Не десең де, қоспа мүлде кәріге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу